00:00
Астана -10oC
USD:
443.35
EUR:
475.54
RUB:
4.82
Іздеу

Астанада «От қыз» ертегісінің премьерасы өтеді

19.09.2023 | 06:30
63
Фото: дереккөз

«Астана Балет» театрының жаңа маусымы «От қыз» екі актілі ертегі балетімен басталады, деп хабарлады Elorda.info.

Премьера 6-7 қазан күндері өтеді.

Балеттің қоюшы-балетмейстері – театрдың бас балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри. Либретто авторы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссёр, сценарист, ақын Бақыт Қайырбеков, композиторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Карина Абдуллина. 

Театрымыздың негізгі ұстанымы – ұлттық өнерді сақтап, дамытып, көкжиегін кеңейте түсу. Жаңа «От қыз» спектаклі осының дәлелі бола алады. Бұл спектакль дарынды авторлардың жұмыла атқарған еңбегінің жемісі. Либретто авторы Бақыт Қайырбеков мәдениетіміздің қыр-сырын ашып, өзіндік ерекшелігін әйгілеп берсе, композитор Карина Абдуллина шығарған музыка спектакльге жан бітіріп, түрлі эмоцияға бөлеп, хореограф Мукарам Авахридің жаңашыл, батыл идеялары көрермен санасына қозғау салып, көкейінен шығады деген үміттеміз, – деді театр директоры Александр Совостьянов.

«От қыз» екі актілі балеті мифологиялық сюжетке құрылған. Оқиға желісі бойынша Мерген есімді аңшы өзінің дүлей күшін таныту үшін Күнді атып түсіріп, салдарынан күллі әлем қараңғы түнекке оранып, қақаған аяз басталады. Мергеннің алаңғасарлығынан Биік Шөп елі зардап шегіп, бойжеткен ханшайым От қыз жоғалып кетіп, қыс түседі. Ағат кеткенін түсінген Мерген қателігін түзеп, әлемге жарық пен жылуды қайтаруға тырысады.

Бұл қойылым жасы кіші және ересек көрермендерге де қызықты болады деген ойдамыз. Себебі, мұнда әрқайсымыздың жанымызға жақын дүние бар. Бұл спектакль ерекше ертегі атмосферасына бөлеп, түркі мифологиясының ғажайып әлеміне жетектеп әкетеді. Декорациялары мен сахналық костюмдері, музыкасы әсем. Баршаңызды премьераға шақырмын, - дейді театрдың көркемдік жетекшісі Нұран Канетов.

Айта кетейік, спектакльді шығаруға еліміздің дарынды өнер қайраткерлері атсалысты. 

Барлық жаңалықтар