00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

Қайрат Сәтжанов: Құраманың күш-қуат жағынан дайындығы аз болып тұр

02.05.2024 | 12:11
Қанат Байұзақов
84
Қайрат Сәтжанов: Құраманың күш-қуат жағынан дайындығы аз болып тұр
Фото: ашық дереккөз

Бокстан Астанада өтіп жатқан 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатына жастар құрамасынан 13 спортшымыз қатысып жатыр. Осы орайда құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов жарыс жайлы Elorda.info сайтына шағын сұхбат берді.

Жастар құрамасының тізгінін ұстағаныңызға 1 ай ғана уақыт болды. Қысқа ғана уақытта Азия чемпионатына боксшыларды жинақтау қиын болмады ма?

Иә, 29 наурыз күні бас бапкер ретінде тағайындалдым. Сол сәт Түркістанда Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы халықаралық турнирімен тұспа-тұс келді. Әйтсе де, жарысқа бірінші-екінші нөмірлі боксшылардың көпшілігі қатыспады. Тек 51 келідегі Бексұлтан Боранбек 2 айқастан соң, жарыстан бас тартты.

Артынша 9-24 сәуір күндері аралығында Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық дайындық орталығында оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Сол жерде көпшілігімен жақын таныстық. Олардың арасында әлем чемпионатының жүлдегерлері, Азия чемпиондары бар.

Бірінші ірі турниріңізде шәкірттеріңіздің бүгінгі аяқ-алысы қалай?

Аз ғана уақыт болғандықтан, осы турнирде қателіктерімізді байқап жатырмыз. Тактикалық, техникалық және күш-қуат жағынан жаттығу аз болып қалған секілді. Болашақта осыларға мән береміз. Аталмыш жарыста спортшыларымыздың бірі тапсырманы дұрыс орындаса, кейбірі дұрыс орындай алмады.

Сіз 2019-2021 жылы да жастар құрамасын баптап едіңіз. Сол кездегіден қандай айырмашылық байқай алдыңыз?

2021 жылы БАӘ-де өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында жүлде алған Кенже Мұратұлы, Нұрсұлтан Алтынбек, Темірлан Мұқатаев, Елнұр Сүйінбай және жастар арасында әлем чемпионы Сабыржан Аққалықов, жүлдегерлер Ерболат Сабыр, Диас Молжігітов қазір 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатында жүлдеге таласып жатыр.

Салыстырмалы түрде біріншіден, қазіргі жастар құрамасында күш-қуат жағынан дайындық аздау екенін қайталап айтқым келеді. Екіншіден, құрама мүшелерінің көбі халықаралық жарыстарға шыға қоймағандықтан тәжірибелері де жетіспей жатыр. Тәжірибелі дегендерінің өзі Тараз бен Түркістандағы халықаралық жарыстарға қатысқан спортшылар. Ал Черногориядағы бәсекеге қалтасы көтерген спортшылар ғана бара алды.

Осы додада 22 жасқа дейінгілер мен жастар санатын бірге қосқан. Бұған дейін жастар мен жасөспірімдер арасында болатын еді. Бұл сіздерге қаншалықты әсер етеді?

Жастар мен ересектер әр раундты 3 минуттан өткізеді. Ал жасөспірімдер 2 минуттан жұдырықтасады. Бұл төрешілерге ыңғайсыз еді. Сондықтан осы формат төрешілерді шатастырмау үшін өзгертілген болар деп ойлаймын.

Осы жолғы Азия чемпионатындағы қарсыластарыңыз жайлы не айтасыз?

Келе алмаған елдердің ішінен 2-3 салмақта мықты өкілдері бар Жапонияны айтар едім. Себебі, 2021 жылғы әлем чемпионатында бір боксшысы чемпион атанған еді.

Ал қатысып жатқандардан Өзбекстан, Үндістан спортшыларының бәсі жоғары болып тұр. Әйтсе де, бокс барлық елде қарқынды дамып жатқанын байқап жүрміз. Сондықтан қарсыластар жайлы тап басып нақты бірнәрсе айту қиын.

Құрама мүшесі Төрехан Сабырхан осы жолы 67 келіге салмақ ауыстырды. Ол былтыр 63,5 келіде Азия чемпионы атанып еді. Жаңа салмақта боксшыға қандай да бір қиындық туындамай ма?

Төрехан үшін 63,5 келіге салмақ қуу қиындық тудырады. Қазірдің өзінде таза салмағы 69-70 келі. Оның үстіне бойы да, қолы да ұзын. Қай жағынан алып қарасақ та, 67 келідегі қарсыластарынан еш кем түспейді.

2023 жылы 60 келідегі Бақтияр Анарбеков те көрермендердің есінде жақсы қалып еді?

Ол боксшы 19 жасқа толып, ересектер санатына ауысты. Сондықтан ол жастар арасындағы Азия чемпионатына қатыса алмады.

Құраманың алдағы жоспарлары туралды айта кетсеңіз?  

Азия чемпионаты аяқталған соң, Түркістан облысындағы «Ақбұлақ» спорт кешенінде оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Одан кейін боксшыларымыз Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбековтің құрметіне ұйымдастырылатын халықаралық жарыста бақ сынайды. Оған Ресей, Беларусь, Түркия, Әзербайжан, Тәжікстан, Қытай т.б. мемлекеттерден спортшылар келеді деп жоспарланып отыр. Әзірге алға қойған алғашқы жоспарымыз осы жарыста жақсы көрсеткіштер көрсету. Одан кейін 2024 жылдың басты додасының бірі күз мезгілінде Хорватияда өтетін жастар арасындағы әлем чемпионаты бар.

Барлық жаңалықтар