00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Елордалық танымал спортшылар «Таза Қазақстан» акциясын қолдады

Сенбілік

Бүгін Астана қалалық спорт және мәдениет басқармаларының қызметкерлері мен оларға қарасты мекеме қызметкерлері және елордалық танымал спортшылар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Қарасу өзенінің айналасын қоқыстан тазартып жатыр, деп хабарлады Elorda.info.

Сенбілікке Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, ауыр атлетикадан Әлем чемпионы Едіге Емберді, таэквондодан Азия чемпионатының жүлдегері Тілеуқабыл Әділ,  таэквондодан халықаралық турнирлердің жүлдегері, ҚР Кубогының жеңімпазы Сапархан Аяжан да қатысты.

Астана қаласы әкімдігінің «№9 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ басшысы Айдын Токбаевтың сөзінше, сенбілікке спорт және мәдениет ұжымдарынан 400-ге жуық адам қатысуда.

Бүгін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында еліміздің намысын қорғап жүрген және болашақ әлемдік ареналарда Астана қаласының намысын қорғайтын спортшыларымыз қатысып жатыр. Одан бөлек  қалалық спорт және мәдениет басқармаларының қызметкерлері де бар. Барлығымыз жиналып Қарасу өзенінің бойында сенбілік жасап жатырмыз. Мұндай сенбілікке қатысу еліміздің әрбір азаматының борышы деп ойлаймын. Осындай тазалық жиындары қала маңайын қоқыстан тазартуға және экологиямыз сақтауға көмектеседі. Сондықтан да барлығымыз бір жұдырықтай жұмылып, сенбіліктерге қатысуымыз керек,- дейді Айдын Токбаев.

Аталмыш науқанды қала тұрғындары да қолдап, Қарасу өзенінің айналасын қоқыстан тазартуға көмектесуде. Солардың бірі - елордалық Айман Мақсұт.

Менің ойымша, бүгін қала тұрғындары, әсіресе жастар игі іс жасап жатыр деп айтар едім. Демалыс күніне қарамай таңертең барлығымыз бір үйдің баласындай жиналып, сенбілікке кірісіп кеттік. Жалпы барлығымыз сенбілікке қатысуымыз керек деп ойлаймын. Себебі қала тазалығына барлығымыз жауаптымыз. Әсіресе осындай өзендерді тазалап тұру маңызды. Еліміз бойынша осындай акция өтіп жатқанына қуаныштымын,- дейді Айман Мақсұт.

Айта кетейік, елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Осы апта «Мөлдір бұлақ» атауымен басталды. Акция бойынша қала тұрғындары мен белсенділер су қоймалары мен өзен-көлдер  айналасын қоқыстан тазартады.

Барлық жаңалықтар