00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

Төлеген Мұхамеджанов пен Нұржамал Үсенбаева Ұлттық музейде экскурсия жүргізеді

29.04.2024 | 17:28
118
Төлеген Мұхамеджанов пен Нұржамал Үсенбаева Ұлттық музейде экскурсия жүргізеді
Фото: ашық дереккөз

30 сәуірде сағат 15:00-де Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейінің 10 жылдығы аясында «Жұлдызды гид» шоу-жобасы өтеді, деп хабарлады Elorda.info.

Жобаға Астана қаласының құрметті азаматы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, композитор Төлеген Мұхамеджанов пен Қазақстан және Татарстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржамал Үсенбаева қатысып, музей қонақтарына «Астана» залы бойынша экскурсия жүргізеді.

«Жұлдызды гид» шоу-жобасы аясында экскурсиямен қатар, Т.Мұхамеджанов пен Н.Үсенбаева музей қорына тапсыратын жеке заттардан жинақталған көрмемен таныстырады. Сондай-ақ музей атриумында жұлдыздармен жүздесу, сыйлықтарды, алғыс хаттарды табыстау, сұрақ-жауап және шығармашылық кеш ұйымдастырылады.

ҚР Ұлттық музейінде бұл жоба 2015 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – Ұлттық музейдің қоғамдағы имиджін арттыра отырып, экскурсия жүргізуші қызметінің ерекшеліктерін түсіндіру, кең аудиторияға музей экспозициясындағы жәдігерлерді, тарихи-мәдени мұраны таныстыру және насихаттау.

Бұған дейін аталған жобаға қоғам және өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар, эстрада жұлдыздары, дәстүрлі әншілер, кино және театр актерлары, белгілі тарихшылар, блогерлер, тілшілер қатысып, музей залдары бойынша келушілерге халқымыздың көне тарихы мен бай мұрасы туралы мәлімет берді. Осы жоба арқылы музей келушілері белгілі тұлғаларды жаңа қырынан – экскурсия жүргізуші ретінде танып, музей экспозициясына жаңаша көзбен қарауға мүмкіндік алды.

Барлық жаңалықтар