00:00
Астана -10oC
USD:
442.05
EUR:
474.14
RUB:
4.74
Іздеу

Алтынбек Нұхұлы: Қаныш қазақтың ғылымынан бөлек руханиятына да ерекше үлес қосқан тұлға

Алтынбек Нұхұлы
фото: ашық дереккөз

Бүгін елімізде Ғылым күні. Бұл күн Қазақстан ғылым академиясының негізін қалаушы әрі тұңғыш президенті, алғашқы академик Қаныш Сәтбаевтың туған күніне орай белгіленген. Биыл ұлы тұлғаның 125 жылдық мерейтойы.  Осы орайда Elorda.info тілшісі Халықаралық Сәтбаев қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлымен сұхбаттасты.

- Алтынбек Нухұлы, былтыр  сол кездегі Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалыңызда Павлодар қаласының әуежайына «Академик Қаныш Сәтбаев» есімін беруді, алғашқы академиктің 10 томдық толық жинағы мен 5 томдық академиялық шығармалар жинағын дайындауды ұсындыңыз. Осыған қатысты құзырлы орындарда қандай шаралар атқарылып жатыр?

- Өзіңіз айтып отырғандай былтыр 16 ақпандағы Депутаттық сауалыма байланысты жыл соңында, нақты 1-ші желтоқсанда Жалпыреспубликалық жоспар Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның келісімімен  Премьер-Министрінің орынбасары қолымен бекітілген болатын. Сол жоспарға сәйкес  Павлодар қаласының белсенді тұрғындары қаланың әуежайына «Академик Қаныш Сәтбаев» есімін беру туралы бастаманы қолдап, хат дайындап, ұсыныс жасап, ол жергілікті органдарда қарастырылып жатыр. Ал, 10-томдық толық шығармалар жинағы Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық зерттеу техникалық университетінің ғалымдарымен бірігіп, дайындалуда. Бәрі ретімен болса, жаз айларында баспадан басылып шығады. Қаныш Сәтбаевтің академиялық 5 томдығын М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы дайындау үстінде. Жыл соңына дейін жарық көреді деген ойдамыз.

 - Академиктің энциклопедиясын толықтырып, жаңадан екі тілде шығару туралы айттыңыз. Бұл бастама орындалды ма?

- 2011 жылы бұл энциклопедия алдымен қазақ тілінде, екі жылдан кейін 2013 жылы орыс тілінде жарық көрген болатын. Ол Алматы қаласында орналасқан «Қазақ энциклопедиясы» атты баспа орталығынан жарыққа шыққан еді.   Оған да 13 жылдан аса уақыт өтіп кетіпті. Кейіннен бұл орталық жекешелендіріліп, құрдымға кетті. Сондықтан, қазір өз күшімізбен, осы салада тәжірибесі бар Павлодардағы «Торайғыров университеті» жоғары оқу орнының ұжымымен бірлесіп, жұмыс жасап жатырмыз. Мұндағы мақсатымыз соңғы 10-15 жылдағы Қаныш Сәтбаев тақырыбында жарық көрген материалдарды сараптап, олардың қажеттілерін қосу және бұрынғы материалдарда кеткен олқылықтарды түзетіп қайта басып шықпақшымыз.  Бұдан басқа, осы университеттің басшылығының ұйымдастыруымен ағылшын, араб, испан, қытай, орыс, француз тілінде Қаныш Сәтбаевтың қысқаша очеркті анықтамалығын дайындау үстіндеміз. 

-Сонымен қатар Қазақстандағы Сәтбаев музейлерін заманауи талаптарға сәйкес қалыпқа келтіру, оның туған жерінде мемориалдық кешен салу туралы не айтар едіңіз? 

- Музейлері де жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сәйкес болады деп ойлаймын. Мысалы, Алматыдағы өзі салдырған Ғылым Академиясының бас ғимаратында қазіргі кезде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Министрлік өкілдері Қаныш Сәтбаевтың осы ғимарат ішіндегі кейінгі кездері құлдырап кеткен музейін жоғары дәрежедегі музейге айналдырамыз деп уәде беріп отыр. Кіндік қаны тамған жері Павлодар облысы, Баянауылдағы қазіргі Мұса Шорман ауылына жақын 5 шақырым жерде  Қаныштөбеде мемориалдық кешенін салу жоспары күн тәртібінен түскен жоқ. Әрине, бәрі де қаражатқа байланысты. Шарқ ұрып, демеушілерді іздеп жүргеніміз де жасырын емес. Жалпы Мемориалдық кешеннің жобасы дайын.  Кезінде Ұлы Абайдың 175-жылдығына қыруар қаржы Үкімет деңгейінде бөлініп, ғажап туристік орындар ретінде қалыпқа келді. Ұлылар қатарынан орын алатын Қаныштың да туған ауылы, ата-анасының мәңгілік мекені, өзінің кіндік қаны тамған Қаныштөбесі де туристік маршрутқа жататын орындар ретінде жасалынатын күн де туар деп ойлаймын. Көктемнің күні жылысымен, қаражат мәселесі шешілген жағдайда, бұл жоба да іске асады деп үміттенемін.

- Биыл Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы жыл бойы тойланатынын айтып отырсыз. Дегенмен, 12-сәуір ұлы тұлғаның туған күнінде елордамызда нақты қандай шаралар атқарылады?   

- 12 сәуір күні  сағат 14.00-де Астана қаласындағы Қаныш Сәтбаев көшесі бойындағы академиктің зәулім ескерткішіне гүл шоқтары қойылуымен басталады. Осы ескерткіш алдына ғұлама Мәшһүр Жүсіптің жас Қанышқа 22 жасында берген батасы жазылған гранит белгітастың ашылу салтанаты өтеді.  Сондай-ақ, аталған шараның жалғасы Қаныш Сәтбаев көшесіндегі алғашқы академиктің барельефінің ашылуы, одан кейін Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Планетарлық деңгейдегі тұлға» атты көрмемен ұласады.Ары қарай  «Қаныш Сәтбаев – ұлт мақтанышы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның жұмысы басталады. Бұл жыл соңына дейін жалғасатын мерейтойдың басы ғана.

- Астана қаласында Сәтбаев орталығын құру туралы да айтылып жүргелі біраз болды. Бұл мәселе қалай болып жатыр? Мерейтойға дайындық барысындажоғарыда өзіңіз атап өткендерден басқа тағы не жасалып жатыр?

- Бұл сұрақты Астана қаласы басшылығы қарастырып жатыр. Оң шешімін табады ғой деп ойлаймын. Жақында елорда әкімдігі Қ. Сәтбаев ескерткіші тұрған алаңға толығымен жаңа тас төселіп арнайы демалатын орындармен абаттандырылады шешім қабылдапты. Ескерткіштің үш авторлары болып, жуырда арнайы түрде ұлы тұлғаның мерейтойына арналған 2024 жылдың күнтізбесін дайындап шығардық.

- Алтынбек Нухұлы, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев тек ғылым мен өндіріске ғана емес, Қазақ Елінің даму жолында руханият саласына аянбай атсалысқан тұлға. Осы төңірегінде  айтып берсеңіз? 

- Қаныш Имантайұлы жасаған нақты істер бір кітапқа арқау боларлық материал болар еді. Қаныш қазақтың ғылымынан бөлек руханиятына да ерекше үлес қосқан тұлға. Ол бір сұхбатпен бітпейді. Кезінде мен «Қаныштың қырық қыры» деген мақала да жазған болатынмын. Кейбіреуіне тоқталатын болсам, Қаныш Сәтбаев жастайынан қазақтың фольклорлық мұраларын жинақтап, кейіннен «Едіге» жырын ғылыми тұрғыдан зерттеп, 1927 жылы Мәскеу қаласында кітап етіп шығарған. Әйгілі этнограф, композитор Александр Затаевичтің «Қазақтың 500 әндері мен күйлері» жинағына Қ.Сәтбаев халқымыздың музыкалық мұрасының інжу-маржаны болып есептелетін 25 әнді орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп енгізген. Қанекең мәдениеттің әртүрлі саласына, дәстүрлі ән-күй, жыр, әдебиет пен театр салаларына да барынша атсалысқан. Заңғар тұлға Қаныш Сәтбаев 1942 жылы соғыс жүріп жатқанына қарамастан, Мұрын жырау Сеңгірбайұлынан «Қырымның 40 батыры» жырын жазып алу мақсатында сол кездегі Шевченко қазіргі Ақтау қаласынан Алматыға келіп-тұруы үшін оның бүкіл шығындарын төлеп тұрған. Осылайша, 10 ай бойы Алматыдағы бірнеше маман Мұрын жыраудың аузынан «Қырымның 40 батырын» жазып алып, қағазға түсірген. Қаныш досы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының жарық көруіне және Қызылорда қаласындағы тұңғыш театрдың ашылуына орай «Қазақстанның ұлттық театры туралы» деген ғылыми мақалалар жазып, онда құнды әрі маңызды ойлар айтқан.                 

- Қаныш Сәтбаев туралы көпшілік біле бермейтін аңызға бергісіз әңгімелері мен өскен ортасы туралы айта кетесіз бе? Өмірден өтерінен бұрын не ойлады екен аңыз адам?

Сәтбаевтың соңғы аманаты қандай болды екен деген сауалыңызға сол кездегі Кеңестер Одағының Геология министрі П.Я. Антроповтың мына естелігін еске алуға болады. «Қаныш Сәтбаев өмірінің соңғы күндерінде Мәскеу түбіндегі ауруханаға бардық. Оның құр сүлдері қалыпты, бірақ сол бір қиямет сағаттардың өзінде ол өмірден күдер үзбеген еді. Ол Отанымыздың нағыз патриоты және ірі ғалым ретінде өз елінің жер қойнауы туралы, Маңғыстау түбегіндегі мұнайдың аса бай кен көздері, Қазақстанның басқа да минералдық-шикізат байлықтары туралы бізбен шабыттана әңгімелесті. Ал келесі күні мәңгіге көз жұмды». Бұл не деген туған елі мен жеріне, мемлекетіне, халқына деген сүйіспеншілік! Патриоттық сезімнің нағыз шынар басы әрі терең түрі демеске лажың жоқ. Соңғы аманатының өзі Маңғыстау түбегіндегі мұнайдың аса бай кен көздерін игеруде геология министрлігі оң көзбен қарап, Қазақ жерінің қойны толған қазына, мұнда шықпайтын кен жоқ, оның болашағы өте жарқын, сәулетті - деп кеткен аңыз адамның айтқаны айдай келгені де анық. Кезінде «Абайды Абай қылған Мұхтар, Мұхтарды Мұхтар жасаған Абай» - деген қанатты сөздер Қаныш Сәтбаевтың аузынан шыққан екен - дейді. Сол сияқты «Қанышты Қаныш қылған Медеу, Медеуді Медеу жасаған Қаныш» деп айтуға болады деген сенімдемін. Себебі, 60 жыл ғұмырын Қаныштану саласына арнап, баршамызға Ғұламаны кеңінен танытқан қарымды қаламгер, атақты жазушы Медеу Сәрсеке ағамыз. Ол ксі жақнда ғана ұлы тұлғаның  мерейтойына сәл жете алмай, 88 жасында бақи дүниеге аттанып кетті. 

- Бүгінде академиктің тегі Сәтпаев немесе Сәтбаев деп екі түрлі жазылып жүр. Негізі дұрыс нұсқасы қалай болады?

- Бірнеше рет әлеуметтік желіде де бұл туралы жазғанмын. Алайда,  Қаныш Сәтбаев деп қазақша жазғанда, кейбір адамдар дұрыс мән бермей Сәтпаев деп жазу кездесіп жатады. Бұл дұрыс емес. Себебі, атасы Сәтбай туғанда, ырымдап Сәтті Бай болсын деп есім берген, яғни Бай болсын, Пай болсын деп емес. Жарық көрген Энциклопедиялар қазақшасы «Қаныш Сәтбаев», орысшасы «Каныш Сатпаев» болып шыққан болатын. Қазір мерейтойына байланысты материалдар шығып жатыр. Орыс тіліндегі фамилиясын Сатбаев деп жазушылар да кездесіп жатады. Бұл да жалпы қабылданған жазуларға қайшы, яғни бұлай жазбауларыңызды өтінеміз.   

Осы орайда қазақтың Қанышының ерен зор еңбектерін насихаттау мақсатында бірнеше әлеуметтік желілерден Қаныш Сәтбаев/Каныш Сатпаев деп аталған жаңа  парақшалар ашқанымызды айтып өткім келіп отыр. Бұл парақшаларда біртуар тұлғаға арнап, эксклюзивті видеороликтер мен постерлерді  жариялар отырамыз.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Барлық жаңалықтар