00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Жеңіл атлетика: Азия чемпионатында жаңа көрсеткішке қол жеткіздік пе?

18.07.2023 | 21:30
82
фото: Asian athletics парақшасынан

Жеңіл атлетикадан 12-16 шілде аралығында Бангкокта (Таиланд) өткен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Осы орайда кезекті біріншілікті жерлестеріміз қаншалықты сәтті өткергенін Elorda info тілшісі талдап көрді.

Жеңіл атлетикадан пандемия салдарынан 4 жылдан кейін ғана өткен Азия чемпионатында 45 жүлде жиынтығы сарапқа салынып, Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлде еншіледі. Ал жалпы есепте Күншығыс елі 16 алтынмен сонау 1981 жылдан кейін қайта көшбасшы атанды.

Спорттың «ханшайымы» саналатын жеңіл атлетикадан әлем чемпионатының тарихында Қазақстан құрамасы (14 рет қатысқан) 1 алтын, 3 күміс, 5 қола жүлде иеленген. Ал Азия біріншілігінде 35 алтын, 38 күміс, 46 қоламен жалпы есепте Қытай, Жапония, Үндістан, Катар мемлекетінен кейін 5-орында тұр. Осыдан-ақ, Қазақстанның жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында әр медальдың алуы сенсация ретінде бағаланатынын бағамдауға болады. Сондықтан, Қазақстан құрамасының жеңіл атлетикадағы көрсеткіштерін Азия чемпионатымен салыстыруды жөн көрдім.

 Азия құрлығы әлемде мықтылардың қатарына жата ма?

2022 жылы АҚШ-та өткен әлем біріншілігінде 49 жүлде жиынтығы сарапқа салынып, Азия елдерінен Қытай – 2, Жапония, Қазақстан, Катар елдері 1 алтыннан, Оңтүстік Корея 1 күміс жүлдені алды. Әрине, АҚШ, Ямайка, Эфиопия сынды көшбасшы мемлекеттермен бәсекеге түсу мүмкін болмаса да, Қытай кейінгі 3 әлем чемпионатында ТОП-5 рейтингке кірген.

2021 жылы өткен Токио Олимпиадасында 48 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Азия құрлығынан Қытай – 2 алтын, Катар – 1 алтынға ғана қол жеткізді. Бахрейн мен Жапония күміс пен қола жүлдеге қол созды.

Бангкоктегі Азия чемпионаты Қазақстан үшін сәтті өтті ме?

Осы жолғы Азия біріншілігінде Қазақстан үшін ерекше жайтпен есте қалды. Кениядан келген желаяғымыз Шедрак Коеч Кимутай 10 000 метрге жүгіруден ел тарихында алғашқы күміс жүлдені әперді. Дегенмен, 29:31.63 уақыт көрсеткішімен әлем чемпионатында ТОП-20 споршының қатарына кірмейді.

Биіктікке секіруден 22 жастағы Кристина Овчинникова 1,86 метрге секіріп, алғаш рет Азия чемпионы атағына қол жеткізді. 2-орын 1,86 метрмен 21 жастағы дебютант Элизавета Матвееваға бұйырды. Кристина 2021 жылы Токио Олимпиадасы (28-орын) мен 2022 жылы әлем чемпионатында да (20-орын) дәл осы биіктікті бағындырған еді. 4 жыл бұрынғы Азия біріншілігінде Надежда Дубовицкая 1,88 метрге секіріп, топ жарған болатын. Бұл спортта әлем чемпионатында жүлде алу үшін, кемі 2 метрді бағындыру қажет. Әзірге Азия рекорды 2 метрмен 25 жастағы Надежда Дубовицкаяға (2021 жыл) тиесілі.

Ядро лақтырудан 19,87 метр нәтижемен 31 жастағы Иван Иванов қола жүлдегер атанды. 4 жыл бұрын да Иван 19,41 метрмен 3-орынға ие болған. Әлем, Олимпиада додаларында Азия құрлығы бұл сайыста жүлдеге таласа алмайды.

Осы жолғы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 4 жүлдемен 42 мемлекеттің арасында 8-орынға тұрақтады. Алтын алдық. Былай қарасаң, көрсеткіш аса жаман емес. Дегенмен, 1993 жылдан бері 14 мәрте өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жүлде сапасы бойынша өз тарихындағы ең нашар екінші нәтижені тіркеді. Бұған дейін жерлестеріміз 2005 жылы Инчхондағы Азия біріншілігінде 3 күміс, 2 қола алған еді.

Бұйырса, 1 айдан соң, Будапештте кезекті әлем чемпионаты басталады. Былтырғы Нора Джерутоның тарихи алтынынан кейін, Қазақстан құрамасы қалай өнер көрсетер екен?! Барлығы уақыт еншсінде!

WhatsApp Image 2023-07-18 at 19.56.35.jpeg

Жеңіл атлетикадан Азия чемпионатының тарихында ең кейінгі жүлдені қай уақытта алғанбыз?

Ерлер.

2023 жыл. 10 000 метрге жүгіру. Шедрак Коеч Кимутай (күміс жүлде) - 29:31.63     

2023 жыл. Ядро лақтыру. Иван Иванов (қола жүлде) – 19,87 метр

2019 жыл. 400 метрге жүгіру. Михаил Литвин (қола жүлде) – 45.25 секунд

2015 жыл. 3 қарғып секіру. Роман Валиев (қола жүлде) – 16.67 метр

2013 жыл. Он сайыс. Дмитрий Карпов (чемпион) – 8037 ұпай

2011 жыл. 3000 метрге кедергімен жүгіру. Артем Косинов (күміс жүлде) – 8:35.11   

2009 жыл. Биіктікке секіру. Евгений Цукунов (қола жүлде) – 2.20 метр

2007 жыл. 400 метрге кедергімен жүгіру. Евгений Мелешенко (чемпион) – 50.01 секунд

2007 жыл. 20 шақырымға спорттық жүріс. Рустам Куватов (қола жүлде) – 1:32:37

2003 жыл. 100 метрге жүгіру. Евгений Черновол (күміс жүлде) – 10.27 секунд

2003 жыл. Сырықпен секіру. Григорий Егоров (чемпион) – 5.40 метр 

2002 жыл. 200 метрге жүгіру. Евгений Черновол (чемпион) – 20.73 секунд

2002 жыл. 800 метрге жүгіру. Михаил Колганов (чемпион) – 1:48.91

1998 жыл. 100 метрге кедергімен жүгіру. Андрей Скляренко (қола жүлде) – 13.86 секунд

Әйелдер.

2023 жыл. Биіктікке секіру. Кристина Овчинникова (чемпион) – 1.86 метр

2019 жыл. 100 метрге жүгіру. Ольга Сафронова (чемпион) – 11.17 секунд

2019 жыл. 200 метрге жүгіру. Ольга Сафронова (күміс жүлде) – 22.87 секунд

2019 жыл. 400 метрге жүгіру. Элина Михина (күміс жүлде) – 53.19 секунд

2019 жыл. 800 метрге жүгіру. Маргарита Мукашева (күміс жүлде) – 2:03.83 

2019 жыл. 4 x 100 метрге жүгіру. Қазақстан (күміс жүлде) - 43.36 секунд

2017 жыл. 4 x 400 метрге жүгіру. Қазақстан (қола жүлде) - 3:37.95

2017 жыл. 3 қарғып секіру. Мария Овчинникова (чемпион) – 13.72 метр

2015 жыл. 100 метрге кедергімен жүгіру. Анастасия Пилипенко (күміс жүлде) – 13.33 секунд

2009 жыл. 20 шақырымға спорттық жүріс. Светлана Толстая (қола жүлде) – 1:36:42

2007 жыл. Ұзындыққа секіру. Елена Рыпакова (чемпион) – 6.66 метр

2007 жыл. Жеті сайыс. Ерина Науменко (чемпион) – 5617 ұпай

2005 жыл. 1500 метрге жүгіру. Светлана Лукашева (күміс жүлде) – 4:13.83

2003 жыл. 400 метрге кедергімен жүгіру. Наталия Торшина (күміс жүлде) – 55.88 секунд

1995 жыл. Ядро лақтыру. Елена Балтабаева (күміс жүлде) – 16.07 метр

Қай спорт түрінен Азия чемпионатында мүлдем жүлде бұйырмаған?

Ерлер.

1500 метрге жүгіру, 5000 метрге жүгіру, 4 x 100 метрге жүгіру, 4 x 400 метрге жүгіру, ұзындыққа секіру, балға лақтыру, диск лақтыру, найза лақтыру, 4 x 400 метрге аралас жүгіру.

Әйелдер.

5000 метрге жүгіру, 10 000 метрге жүгіру, 3 000 метрге кедергімен жүгіру, сырықпен секіру, балға лақтыру, диск лақтыру, найза лақтыру, 4 x 400 метрге аралас жүгіру.

Қанат Байұзақов

 

 

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар